Жоғары эксперт-санатының 500-ден астам УДЗ аппараты сатып алынады - министр
2022 жылғы 1 маусым 12:07

Жоғары эксперт-санатының 500-ден астам УДЗ аппараты сатып алынады - министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл жоғары эксперт-санатының 500-ден астам ультрадыбыстық зерттеу аппараты сатып алынады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Педиатриялық қызмет жұмысының негізгі көрсеткіштері: сырқаттанушылық, алғашқы мүгедектік, нәрестелер мен балалар өлімінің алдын алу саналады. Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтаудағы ең маңыздысы - жүктілік кезеңінен бастап, яғни ана құрсағында, әрі қарай балалардың өсіп-даму кезеңдерінде медициналық көмек көрсетудің бірыңғай жүйелі стратегиясымен тактикасын айқындау. Сондықтан, бірінші, бүгінгі таңда жүкті әйелдерде ұрықтың ағзалары мен жүйелерінің ақауларын анықтауға арналған перинаталдық скринингпен қамту толықтай жүргізіледі. Ол 85,4 пайызды құрайды. Ал, хромосомалық ауруларды анықтауға биохимиялық скринингпен қамту – 78 пайыз», - деді министр.

Оның дерегінше, жаңа туған нәрестелердегі денсаулық кемістігі құрылымында ағзалар мен жүйелердің ақаулары 96,3, хромосомалық әртүрлі бұзылулар 3,7 пайызды құрайды. Туа біткен ақаулардан болатын өлім-жітім нәрестелер өлімінің себептері құрылымында екінші орын алады және төмендеу үрдісі жоқ.

А.Ғинияттың айтуынша, жағдайды жақсарту үшін перинаталдық скринингті жүргізудің жаңа қағидалары бекітілді. Перинаталдық ультрадыбыстық зерттеу скринингін өткізу стандарты әзірленді. Жылдың басынан бастап, ультрадыбыстық зерттеу диагностикасының халықаралық стандарты бойынша 150 маман оқытылды. Биыл жоғары эксперт-санатының 500-ден астам ультрадыбыстық зерттеу аппараты сатып алынады.

«Бұл іс-шаралар: перинаталдық скринингті жүргізудің бірыңғай тәртібі мен алгоритмін қалыптастыруға; заманауи ультрадыбыстық зерттеу аппараттармен жарақтандырылуды арттыруға; ұрықтың даму ақауларын 80 пайызға дейін анықтауды жақсартуға мүмкіндік береді», - деді ол.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT