Жол ережесін бұзудың 50%-ін камералар анықтайды

2022 жылғы 4 қазан, 13:18
Жол ережесін бұзудың 50%-ін камералар анықтайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін камералар әлі де жетіспейді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін 17 мыңнан астам автоматты камера жұмыс істейді. Олар өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Жол ережесін бұзудың 50% осы камералар анықтап жатыр. Ал Астана мен Шымкентте бұл көрсеткіш 70% дейін жетеді», - деді Марат Ахметжанов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Дегенмен, Ішкі істер министрі ел көлемінде камералар саны әлі де жетіспейтінін айтты.

«Мысалы Солтүстік Қазақстанда бар-жоғы 43 камера ғана бар. Павлодар (58), Қызылорда (65), Маңғыстау (70), Ақмола (82), Батыс Қазақстан (94) және Түркістан (100) облыстарында камералар саны 100-ден аспайды», - деді М. Ахметжанов.

Сонымен бірге, жалпы ел бойынша қиылыстарда 1 200 бағдаршам, 1 600 «кері санақ» таблосы, 25 мың жол белгісі және 1 млн шақырымнан астам жол таңбасын орнату қажет.

«Жол қоршаулары бойынша да жағдай мәз емес. Жалпы республика бойынша 2 млн пагондық метр қажеттілік бар. Оларды орнату жұмыстары Алматы, Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында нашар жүріп жатыр», - деді М. Ахметжанов.

Бұған дейін спикер жыл сайын елімізде 13 мың жол-көлік оқиғасы болатынын, 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мың адам жарақат алатынын айтқан еді.

Марат Ахметжанов автомектептердің оқыту сапасын сынға алды.

Сондай-ақ министр көлікті техникалық байқау операторларының жауапкершілігін күшейтуді ұсынды.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar