Жолдаудағы реформалардың мазмұны тарихи тұрғыда маңызды – Қорғаныс министрі
2022 жылғы 23 наурыз 20:16

Жолдаудағы реформалардың мазмұны тарихи тұрғыда маңызды – Қорғаныс министрі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Жолдауы азаматтарды жаңа Қазақстанды құруға тарту үшін көп мүмкіндіктер береді. Бұл пікірді ҚР Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзі саяси және экономикалық өзгерістердің дәйекті әрі батыл жүргізіліп жатқанын айғақтайды. Мемлекет басшысы нақты тапсырмалары арқылы Қазақстанның саяси ауысулар жүйесін кезең-кезеңмен қалыптастырды. Оның ішінде, әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен қабілетін арттыруға, әскери қызметтің беделін көтеруге және жеке құрамның жауынгерлік рухын қолдауға бағытталған Қарулы күштерді жаңғырту іске асырылуда. Айтылған реформалардың мазмұны және әкімшілік-аумақтық жаңалықтар шын мәнінде тарихи тұрғыда маңызды. Бұл ретте Жолдау азаматтарды жаңа Қазақстанды құруға тарту үшін көп мүмкіндіктер беретінін айрықша атап өтуге болады», - деді Р. Жақсылықов.

Оның пайымынша, сайлау заңнамасындағы, парламенттік және партиялық құрылыстағы, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудағы, Президент пен әкімдерді саяси партиялардың қызметінен алшақтатудағы өзгерістерді атап өтудің өзі жеткілікті. Халықаралық нормаларға сәйкес, азаматтардың құқықтарын сақтау жөніндегі жұмыс күшейтіліп, Конституциялық сот қайта құрылатын болды.

«Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси инновациялар, бір жағынан, демократиялық бастауларды нығайтса, екінші жағынан, мемлекеттің тұрақтылығын арттыруға жұмыс істейді. Бұл тұрғыда бүгінде Қарулы күштерде де реформалау процесі жүргізілуде. Гибридті қауіптер көбейіп жатқан уақытта ұйымдық, техникалық және технологиялық деңгейлер өзгеруде. Әскерлердің жауынгерлік даярлық жоспарларына түзетулер енгізіледі. Бұл ретте стандартты емес міндеттерді орындауға, шешімдерді жедел қабылдауға және ведомствоаралық үйлестіруге ерекше назар аударылатын болады. Президенттің Жарлығы бойынша Қорғаныс министрлігіне қарайтын Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Оларға аса күрделі міндеттерді орындау, соның ішінде терроризмге қарсы операцияларға қатысу және заңсыз қарулы құралымдарға қарсы іс-қимыл жүргізу жүктелген», - деді Қорғаныс министрі.

Оның сөзіне қарағанда, әскерлерді ақпараттандыру және роботтандыру деңгейін арттырып, мемлекеттік органдармен интеграцияланған әскерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерін дамытуға қатысты жұмыс атқарылады.

«Президент жариялаған реформалардың нәтижелі болуы қоғамның бірлігі мен тұтастығына байланысты екені сөзсіз. Әскерге арналған жобада біздің күшіміз – кәсіби білікте, жауынгерлік машық пен қатаң тәртіпте деп айтар едім. Міне, осындай жағдайда ғана қасиетті Отанымыздың негізі берік, ал мемлекетіміз – беделді болары анық. Мемлекет басшысының бұл маңызды Жолдауын әр қазақстандық жақын қабылдады деп ойлаймын», - деді Руслан Жақсылықов.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT